Satbayev University Eco Network көктемгі кездесуіне қатысты
Eco Network қауымдастығы ұйымдастырған Саналы компаниялар клубының алғашқы көктемгі кездесуі өтті. Іс-шараға бизнес, білім беру ұйымдары және экологиялық бастамалардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында тұрақты даму саласындағы белсенді серіктес ретінде Satbayev University де болды.
Eco Network негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов құттықтау сөзімен шығып, презентация ұсынды. Өз сөзінде ол қауымдастықтың қазіргі жобалары мен бастамаларын таныстырып, Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған табысты тәжірибелермен бөлісті, сондай-ақ қатысушыларды экологиялық тәжірибелер мен бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесуде жүзеге асырылған бастамаларға ерекше назар аударылды. Соның бірі — Сәтпаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында орналасқан пластик қалдықтарын жинауға арналған «Алма» контейнері. Бұл нысанды Satbayev University студенттері мен жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындары белсенді пайдаланып, жастардың экологиялық санасының жоғары деңгейін көрсетуде.
Сонымен қатар, кездесуде Eco Network серіктес компанияларының өкілдері сөз сөйледі. Атап айтқанда, «Environment Solution LTD» тамақ қалдықтарын тиімді қайта өңдеуге арналған компосттау технологиясын таныстырды. Бұл шешім қалалық инфрақұрылымға тұрақты даму қағидаттарын енгізудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Satbayev University-дің мұндай іс-шараларға қатысуы университеттің тұрақты даму, экологиялық жауапкершілік қағидаттарына адалдығын және студенттер мен серіктестер арасында саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.



