Шығармашылыққа толы көктем: Сәтбаев университетінде 58-ші «ҚазҰТЗУ көктемі» дәстүрлі фестивалі өтті

Сәтбаев университетінде студенттік көктемнің ең айтулы мерекелерінің бірі – дәстүрлі «ҚазҰТЗУ көктемі – 2025» фестивалі өз жұмысын аяқтады.
Өнер жарысы осымен 58-ші рет университет институттарының талантты студенттерін біріктіріп, кампусты әсем ән мен би, тамаша музыка алаңына айналдырды.
«ҚазҰТЗУ көктемі» фестивалі – бұл жай ғана талантты жастар байқауы емес, бұл тұтас бір мерекелік апталық. Мұнда қатысқан студенттер вокал, хореография, театрландырылған қойылымдар мен аспаптық музыкадан өз шеберліктерін көрсетеді.
Бұл фестиваль сонау 1967 жылы – аты аңызға айналған әйгілі «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптар ансамблі құрылған жылы алғаш рет өткізілген болатын. Содан бері университет өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болып қала береді.
Биылғы фестиваль әдеттегідей гала-концертпен аяқталды, онда сегіз институттың өкілдері өздерінің ең үздік концерттік номерлерін көрермендерге ұсынды. Әр топ хореографиядан бастап, театрландырылған кішігірім қойылымға дейін ерекше жанрлық әдісті көпшілік назарына ұсынды.
Фестивальдің Гран-при жүлдесін О. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты лайықты түрде жеңіп алды. Қазылар алқасы қатысушылардың жоғары орындаушылық техникасы мен шеберлік қабілеттерін атап өтті.
Бірінші орынды Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты, екінші орынды – Ә. Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институты, ал үшінші орынды – Жобаларды басқару институты жеңіп алды.
«Көрермендер көзайымы» сыйлығын М. Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебі, ал «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» атты арнайы сыйлықты екі институт иеленді – Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институты мен Қ. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты.
Сәтбаев университетінде ғылым мен шығармашылық өнер қашан да қатар жүреді. Фестиваль аяқталса да, бір аптаға созылған көтеріңкі көңіл-күй мен достық қарым-қатынас атмосферасы студенттердің есінде мәңгі сақталады.