Сәтбаев университетінде Жексенбек Әділов атындағы аудиторияның ашылуы салтанатты түрде өтті
Сәтбаев университетінде профессор, техника ғылымдарының докторы, академик Жексенбек Әділов атындағы аудитория салтанатты түрде ашылды. Жаңа білім беру кеңістігі көрнекті ғалымның ғылыми мұрасына деген зор құрметтің және оның Қазақстан ғылымы мен жоғары білімін дамытуға қосқан зор үлесін мойындаудың белгісі болып табылады.
Профессор, академик Жексенбек Әділов (1949–2025) есімі техникалық университеттің заманауи моделінің негізін қалаған көрнекті ғалым әрі жоғары білім беру ісінің білікті ұйымдастырушысы ретінде Сәтбаев университеті тарихында мәңгілікке қалды. Ол жеті жыл бойы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін басқарып, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, ғылыми мектептерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлді. Ж. Әділов – жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, ол талай ғалымдарды даярлап шығарды. Оның ғылым мен білім саласына сіңірген ерен еңбегі ғылыми және академиялық қауымдастық тарапынан кеңінен мойындалып, ол бірқатар марапаттарға ие болды, оның ішінде «Құрмет» ордені де бар.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев аудиторияның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, академиктің қолдауымен университетте кредиттік оқыту технологиясының қағидаттары енгізілгенін, сондай-ақ тұрақты даму мен тұрақты құрылыс саласында да алғашқы қадамдар жасалғанын атап өтті. Сол жылдары жүзеге асырылған көптеген бастамалар өз уақытынан озып шығып, күні бүгінге дейін университеттің академиялық саясаты мен стратегиялық дамуының берік іргетасы болып отрғанын ректор ерекше атап өтті.

Салтанатты жиынға университет серіктестері, ғылыми қауымдастық өкілдері, «Ақсақалдар алқасының» мүшелері, Жексенбек Мәкейұлының бұрынғы әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ ғалымның жары Жәмила Нұрматқызы Айтжанова қатысты. Аудиторияның ашылуымен құттықтаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР бұрынғы білім және ғылым министрі, депутат Бақытжан Жұмағұлов ұлттық университеттің атақты ректоры ретінде Жексенбек Әділов тарихта мәңгі қалатынын атап өтті:
– Университет ректоры болу, – деді ол өз сөзінде, – жай ғана қызмет атқару емес, бұл – тағдыр. Бұл мыңдаған адамдар үшін, әсіресе еліміздің болашағы үшін үлкен жауапкершілік. Жексенбек Мәкейұлы осы жауапкершілікті абыроймен алып жүрді. Еліміздегі алғашқы техникалық жоғары оқу орнына осындай ірі тұлға басшылық еткенін мен мақтан тұтамын.
Жиын соңында осы атаулы аудиторияның ашылуы Сәтбаев университетінің жаңа буын студенттері мен оқытушыларына әрі қарай да шабыт беретінін қатысушылар ерекше атап өтті. Ал Жексенбек Әділовтың есімі, оның ғылыми ұстанымдары мен жоғары техникалық білім беру саласы алдындағы асқан жауапкершілігі университет ғалымдары мен студенттеріне әрдайым дұрыс бағыт беретіні сөзсіз.



